«Қазақстан – берекелі шаңырақтар мекені»
Бірінші мамыр мерекесі күні «әл-Фараби» мектеп-лицейі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастырылуымен «Қазақстан – берекелі шаңырақтар мекені» тақырыбында он-лайн конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты – мемлекетіміз мықты, мәңгілік ел болуымыз үшін берекелі, бақытты отбасыларын көпшілікке таныту және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Негізгі ой – Қазақстан шын мәнінде осындай берекесі жарасқан шаңырақтар мекені екендігін мақтанышпен көрсету еді.
Кездесудің модераторлары Смаилова Күлімкөз бен Қамзин Нұрхан он-лайн конференцияға қатысушыларды мерекемен құттықтап, мерекенің шығу тарихымен таныстырды. Әрбір қатысушыларға мағыналы, тартымды сұрақтар қоя отырып, кештің мазмұнын аша түсті.
Конференцияға көпбалалы, моншақты алты қыз бен қамшы ұстар ұл тәрбиелеп, бала бақытына бөленген Қуаныштар отбасы, «Ұрпақ» этно-мәдени орталығының басшысы Гүлбахша Мұсабаева, қазақтың дәстүрлі ән-күйімен жас ұрпаққа тәрбие беріп жүрген өнерпаз Ербатыр Макеновтың отбасы, ұлты неміс болса да, қазақ шаңырағының берекесін келтіріп отырған ақжаулықты әже – Қаскенова Мария Владимировна мен отбасы, Иманбаевтар әулетінің инабатты келіні Инна Красникова, Қытайда туып, Атамекеніне оралып, бақытты болып жүрген жалынды жас ұстаз Ғайса Нұрбекұлы қатысты. Конференцияның мазмұнды, ғибратқа толы әңгімесін, қоңыр домбырадан ағытылған күмбір күйді барлығы отыздан астам адам тыңдап отырды
Облыстық халықтар Ассамблеясы атынан қатысушыларды бірлік пен ынтымақ мерекесімен құттықтаған Гүлбақша Мұсабаева қазақ халқының ерекше құндылықтарына тоқталып, әртүрлі ұлттардың бірлікте қоян-қолтық өмір сүруі баға жетпес құндылығымыз екендігіне ерекше тоқталды.
Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, өзін қазақпын деп есептейтін, үш бала мен алты немере, бір шөбере өсіріп отырған неміс қызы, бүгіндері ақжаулықты әжелер қатарында жүрген Қаскенова Марияның жүрекжарды әңгімесі қатысушыларды бей-жай қалдырмағаны анық.
Өнер әлемінде отбасымен домбыра тартудың хас шебері атанған Ербатыр Макенов бұл мерекенің халықтың басын қосып, бірге елімізді өркендетуге шабыт беретін маңыздылығын айтып өтті, қызымен, жан жарымен бірнеше күй орындап берді.
Конференцияға қатысып отырған жеті баланыр анасы, қарапайым үй шаруашылығындағы Ғалия жұртшылықты мерекемен құттықтап, балаларының ортасында бақытқа бөленудің қандай тамаша екендігін көрсете білді. Балалары басқаларға үлгі боларлықтай тәлім-тәрбие алып, иманды-инабатты, тәрбиелі ұрпақтың , бақытты балалықтың мекеніне айналған шаңырақты көріп, бәрімізді қатты тебірентті. Үлкен қызы Дарина өлең де жазады, би де билейді, оқу екпіндісі, баскетболмен де айналысады. Осы кеште мерекеге арнап шығарған өлеңімен қуантты.
Шаңырағында сүйіспеншілік пен ынтымақ орнатқан, ұл мен қызын нағыз отансүйгіш рухта тәрбиелеп отырған, қарт енесін қатты сыйлап, үлгі бола білген қазаққа келін болған Инна - Инеш атанған орыс қызы да сөз сөйледі. Қазақстанды, отбасын қалай жақсы көретінін шынайы сезіммен жеткізе білді.
Соңғы сөзді «әл-Фараби» мектеп-лицейінде тарих пәнінен мұғалім болып қызмет етіп жүрген Ғайса Нұрбекұлы алды. Ол отбасымен осыдан 15 жыл бұрын арман болған тарихи Отаны - Қазақстанға - Қытайдан көшіп келгені, осында жоғары білім алып, жан-тәнімен елінде қызмет етіп жүргені туралы сыр бөлісті. Жас жігіттің туған жерге деген махаббаты өн бойынан байқалып, өзгелерге де туған жердің қадірін әрқашанда біліп жүру қажеттілігін түсіндіргендей әсер қалдырды.
Конференцияны жүргізушілер қатысушылардың әрбір ойынан соң, жақсы қасиеттерді, жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарға ерекше назар аудартып, тыңдап отырған жастарымыздың осы отбасыларындай өнерлі, қайсар, парасатты, мейірімді, бір-біріне қамқор, қол ұшын беруге дайын тұратындай кішіпейіл, қанағатшыл, патриот болуға үндеп отырды.
Көпшіліктің ақ тілегі мен ризашылық пейілдеріне қарап, іс-шараның маңызы зор болды деп сенеміз.





Жаңалықты мекеменің сайтында қарау
Жаңалықтар тізіміне көшу
Пікірлер